«Ақша болса — жұмысқа кіргіземіз». Оралда ауруханаға жұмысқа тұру үшін таныс пен ақша керек пе?

«Ақша болса — жұмысқа кіргіземіз». Оралда ауруханаға жұмысқа тұру үшін таныс пен ақша керек пе?

2021 жылғы 12 Шілде 0 By admin

Жұқпалы аурулар ауруханасы «қауіпті аймақ» саналатындықтан ол жерде жұмыс істейтін кез келген қызметкерге жалақы әдеттегіден бірнеше есе көп төленеді. Сондықтан бұл ауруханаға қандай да бір қызметке тұру—екінің біріне бұйыра бермейді. Жұмысқа кіру үшін «пара беруің қажет» деген әңгіме де жиі айтылады.

Uralsk.NEWS жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа кіру үшін қанша сома беру керектігін анықтауға тырысты. «Жұмысқа кіргізетіндердің» телефон нөмірін табу қиынға соққан жоқ. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған біреу «әлеуметтік желіде «ауруханаға адамдарды жұмысқа қабылдап жатырмыз» деген хабарландыруды көрдім, осыған хабарласып көріңіз» деп бір кісінің нөмірін жіберді. Бірақ хабарландырудың қай әлеуметтік желіде жарияланғанын айтқан жоқ.

Өзін Гүлзат деп таныстырған әйел жұқпалы аурулар ауруханасына қарапайым қызметкер боп жұмысқа орналасу оңай емес екенін, алдын ала 150 мың теңге беру керек екенін ашық айтты.

– Жұлдыз жақтағы (шағын аудан —ред) жұқпалы аурулар ауруханасына санитарға жұмысқа қабылдап жатыр. 14 күн істеп, 14 күн демаласыз. Жалақысы 870 мың теңге. Ол жаққа екінің бірі жұмысқа кіре алмайтынын өзіңіз жақсы білесіз. Кіру үшін тамыр-таныс керек. Мен тек таныс адамдарды, олардың да таныстарын кіргіземін. Бірақ алдын ала 150 мың теңге бересіз. Бұл ақшадан мен бір тиында алмаймын, комиссияға береміз. Олар қажетті құжаттарды дайындап береді. Тек күтесіз, алдамаймыз,-деді телефонның арғы жағынан зуылдай сөйлеген Гүлзат.

Ол кейін WhatsApp-қа жазып, «Осы кісіге жеке куәлігіңізді суретке түсіріп жіберіп қойыңыз, тіркеп қояды» деп Жанар дегеннің телефон нөмірін берді.

Жанар қоңырау шалған адамдармен бірден емін-еркін сөйлеспейді, «Нөмірімді кімнен, қайдан алдыңыз?» деп сұрады. «Гүлзат берді» дегеннен кейін ғана ағынан жарылды. Ол да Гүлзаттың айтқанын қайталаумен болды және тездетіп жеке куәлікті жіберуім қажет екенін, әйтпесе адам толып қалатынын айтты.

– Жұмысқа нақты кіретін болсаңыз жіберіңіз, сосын ақшаңыз бар ма? Ақша болса ғана кіргіземін. Маған хабарласып, жазып жатқандар көп,- деген Жанар өздерін «посредникпіз» деп атады.

– Біз жұмысқа адамдар тауып береміз. Ақшаны жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істейтін Бибігүлдің Kaspi Gold-на жібересіздер,- деп, соның нөмірін жіберді.

Жанардан қандай құжаттар жасайтындарын сұрағанымызда «Вакцина алмағандарға сақтандыру жасаймыз, сосын медициналық кітапша, қорғаныш киімдерін пайдалануды үйрететін оқудан өтті деген сертификат дайындалады» деп жауап берді.

Ол сенімсіздік білдірген адамдармен үйінің қасындағы Гагарин аялдамасы маңында кездесуге дайынмын деді. Айтылған жерде бізбен жүздесуге келіскен, бірақ бірер минуттан соң кездесуден бас тартты.

Кейін Жанар WhatsApp-қа «орын толып қалды» деп жазды, кішкенеден соң «орын бар, кіресіз бе?» деп аудио жазба жіберді.

Ертеңіне Гүлзат «Жұмысқа кіретін болдыңыз ба?» деп WhatsApp-тан тағы хабарлама жазды. Көп кешікпей жазбаларын өшіріп тастады.

Бибігүлге хабарласқанымызда Гүлзат пен Жанарды танитынын растады. Алайда ол «жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істейді» дегенді «жоққа шығарды».

– Мен ол жерде істемеймін. Мен тек ақшаны қабылдап отырмын. Ақшаны ауруханадағы кадр маманына жіберемін. Жұмысқа тұру үшін ақша жіберіп жатқандар көп,-деді Бибігүл.

Бибігүл мен Гүлзаттың айтқан сөздері бір-біріне қарама-қайшы. Алғашында Гүлзат «ақшаны комиссияға береміз» деген еді, ал Бибігүл кадр маманына жіберетінін айтып отыр.

Батыс Қазақстан облысы жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Надия Ахметова бұған өзінің де, қол астындағы қызметкерлерінің де қатысы жоқ дейді.

Надия Ахметова

– 150 мың теңгені кім сұрағанын, кімге берілгені нақты айтылсын. Бұл әңгімені ақпан айынан бастап естіп келе жатырмын. Бізді прокуратура да, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті де тексерді. Ешқандай заң бұзушылық анықтаған жоқ. Біз «жұмысқа кіргіземіз» деген алаяқтардың үстінен полицияға арыз да жаздық. Зерттеу жүргізуге сіздердің құқықтарыңыз жоқ. Егер адамдар арызданып жатса, полицияға шағымдансын. Мен ешкімнен ақша алған емеспін. Мұндаймен айналыспаймын. Біз адамдарды жұмысқа түйіндеме арқылы қабылдаймыз, қабылдағаннан кейін оқытамыз. Сосын жұмысқа кіріседі. Мен сізге не айта алам? Мен де, қызметкерлерім де, ақша сұраудан аулақпыз,- деді Надия Ахметова.

Есенжол Елекенов