Мектеп автобусын алып тастағанына наразы ата-аналар әкімдікке барды

Мектеп автобусын алып тастағанына наразы ата-аналар әкімдікке барды

2021 жылғы 3 Қыркүйек 0 By admin

Бүгін, 3 қыркүйекте «Жұлдыз» шағын ауданындағы  №37 орта мектеп оқушыларының ата -аналары балаларды тасымалдайтын автобусты алып тастағанына наразылық білдіріп, Орал қаласы әкімдігіне келді, деп хабарлайды «Мой Город» басылымы.

Басылымның жазуынша, ата-аналар 33 -ші маршрутты ұзарту туралы өтінішпен тасымалдаушыларға жүгінгенін айтады. Бірақ автопарк мұндай бағыт олар үшін тиімсіз деп жауап берген.

– Бізде бастауыш сыныпқа баратын 27 оқушы бар. Көбі «Жұлдыз» шағын ауданында тұрады. Енді биылдан бастап автобусты алып тастап отыр. Мектеп директоры автобус ескі екенін, жаңа автобус жоқ дейді. Біз балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Мектеп Самал ықшамауданында орналасқан, ал біз «Жұлдызда» тұрамыз. Бала мектепке жету үшін қаншама жолдан өтуіне тура келеді. Ата-аналардың барлығында балаларын мектепке таситын көлік жоқ. Көп балалы отбасыларға жол ақысы да қиынға соғады. №5, 33 маршруттар бізге тиімсіз. Өйткені бұлар тоқтайтын аялдама мектептен әжептәуір алыс. Көшелерде жарық, тротуар жоқ. Қаңғыбас иттер тағы бар. Балалар бірдеңеге ұшырап қалса кім жауап береді? Оның үстіне балалардың сөмкесі ауыр, алып жүру қиын. Сондықтан біз ата-аналар қала әкімінен бұл мәселені шешіп беруін сұраймыз, – деді көп балалы ана Альбина Нанаева.

Ата -аналар «Жұлдыз» шағын ауданына мектеп ауадай  қажет екенін де алға тартты.

–  №37 мектептің жанынан басқа мектеп салғалы жатыр. Неге бізге салмайды,-деді ата-аналар.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мектеп оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыру үшін мектептен тұрғылықты жерге дейінгі қашықтық үш шақырымнан кем болмауы қажет екенін атап өтті.

– Мен қазір мектеп автобусын іске қосуды тапсырсам да, бұл дұрыс емес және заңсыз болады. Сондықтан біз қалалық маршруттарды қайта қарастырамыз, ата -аналарға ыңғайлы болу үшін №33 автобусты «Жұлдыз» шағын ауданына жібереміз және соңғы аялдама жұқпалы аурулар ауруханасы болатындай етіп №5 маршрутты ұзартамыз,-деді Абат Шыныбеков.

Кристина КОБИНА, фото Медета МЕДРЕСОВА